Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда жас полицейлер адал қызмет етуге ант берді

Павлодарда жас полицейлер адал қызмет етуге ант берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінде гарнизондық сап түзеу рәсімі өтіп, оның басты сәті – жас қызметкерлердің салтанатты түрде ант қабылдауы болды. Бұл күн 30 павлодарлық жас тәртіп сақшысы үшін өмірлеріндегі маңызды белеске айналды.

Қызметтік борышын адал атқаруға серт берген жас мамандарды Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Жандос Орумбаев құттықтап, оларға ізгі тілегін білдірді.

– Полиция қызметіне қабылданып, офицерлік шен иелену – үлкен жауапкершілік. Бұл – тек мамандық емес, бұл – Отан мен халық алдындағы қасиетті міндет. Сіздерден тек кәсібилік пен тәртіп қана емес, адамгершілік, батылдық және сабыр талап етіледі. Өздеріңізге жүктелген міндетті адал орындап, заңды бұлжытпай сақтаңыздар. Қызмет жолдарыңыз сәтті болсын, – деді ол.

Салтанатты сәттің толқынысын жасыра алмаған жас полиция қызметкері Исламбек Аленов өз әсерімен бөлісті:

– Бұл күн мен үшін ерекше. Балалық арманым – полиция формасын киіп, елге қызмет ету еді. Бүгін сол арманым шындыққа айналды. Енді Отан мен азаматтардың тыныштығы үшін қызмет ету – менің басты міндетім. Осы жолда бар күш-жігерімді жұмсаймын, – деді ол.

Ант қабылдау рәсімі – тек формальді іс-шара емес, ол – жас қызметкердің моральдық тұрғыдан жетілуінің, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуінің нышаны. Мұндай дәстүрлер ұрпақтар сабақтастығын сақтап, болашақ тәртіп сақшыларына адал қызметтің қадірін ұғындырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру