Павлодарда жас полицейлер Отанға адал қызмет етуге ант берді
Павлодарда 30 жас полицей Отанға адал қызмет етуге ант берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әскерге шақырылушылардың ресми ант қабылдау рәсімі қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің обелискінде өтті.
Қызметке қабылданғандарға ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберді Абраев тілегін айтты.
– Бүгін сендер қабылдап жатқан анттың орны ерекше, мән-мағынасы зор. Бүгіннен бастап сендердің иықтарыңда халық алдындағы жауапкершілік жатыр. Олардың тыныштығы мен қауіпсіздігі сендерге байланысты. Бұл күн сендердің болашақ өмірлеріңнің бастапқы нүктесі болады. Адал және батыл болыңдар. Заңды қатаң сақтаңдар және естеріңде болсын, кәсіпқойлық, әдептілік және жоғары мәдениет қылмысқа қарсы күресте басты қару саналады, – деді ардагер.
Сондай-ақ жас әріптестерін Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Жандос Орынбаев құттықтады.
– Әрбір полиция қызметкері үшін бірінші офицер атағын алу маңызды сәт ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сендер полицияға қызметке келдіңдер, жауапты, қиын, бірақ асыл жұмыс орнын таңдап, полиция қызметіне тұрдыңдар. Бұл жол сендерден шыдамдылықты, төзімділікті және ең бастысы адамгершілікті талап етеді. Сендерге офицер атағын мақтанышпен алып жүруді, өз халқыңды қылмыстық элементтерге қол сұғудан қорғауды тілеймін. Отанға адал болыңдар және адал қызмет етіңдер, өз міндеттеріңді соңына дейін орындаңдар, – деді Жандос Болатұлы.
– Менің немерем Отанына адал қызмет етуге ант берді. Оны мақтан тұтамын, – деді жас офицер Сабина Әбішеваның әжесі.
– Бүгін біз үшін өте маңызды және ерекше күн болды. Біз азаматтардың мүдделерін қорғауға, олардың заңды құқықтарын қорғауға, сондай-ақ офицердің формасын абыроймен киюге, заң мен құқықтық тәртіптің мүдделеріне адал қызмет етуге ант етеміз. Мен қойылған міндеттерді үлкен жауапкершілікпен орындауға тырысамын, – деді Павлодар қалалық ПБ Оңтүстік полиция бөлімінің жас тергеушісі Бақытжан Мундуинов.