Павлодарда жасөспірімдер тапаншадан оқ атты
Павлодарда жасөспірімдер тапаншадан оқ атты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 қаңтар күні сағат 17.47-де 34 жастағы Павлодар тұрғыны полицияға белгісіз біреулер терезелерге оқ атты деп хабарлады. Аталған шақырту бойынша дереу жедел-тергеу тобы жіберілді. Оқиға болған жерді тексеру белгісіз адамның екі оқ атып, Бұқар жырау көшесіндегі үйдің 3-қабатында орналасқан балконның терезелерін зақымдағанын көрсетті.
Полиция аталған фактіге қатысы бар адамдарды анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілгенін, оқиға куәгерлері мен үй тұрғындарынан жауап алынғанын атап өтті.
Нәтижесінде полиция қызметкерлері Павлодар қаласының №6, 16, 24, 29 және 34 мектеп оқушылары 13-15 жас аралығындағы жеті кәмелетке толмағанды анықтады.
23 қаңтар күні сағат 15.30 шамасында кәмелетке толмағандар досының үйіне компьютерлік ойындар ойнауға жиналды. Жасөспірімдердің бірі өзімен бірге танысынан алған тапаншаға ұқсас затты алып келген. Қызығушылық үшін жасөспірімдер тапаншаның атылатынын тексергісі келген, олар балконға шығып, онда кезекпен бес рет оқ атқан. Оқ ату бағыты әртүрлі болды, соның барысында Бұқар жырау көшесіндегі тұрғын үйдің бір пәтерінің балконының терезесін зақымдаған.
– Полиция тапаншаға ұқсас затты тәркіледі, сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты іс жүргізу шешімі қабылданатын болады, – деп атап өтті полицияда.
Айта кету керек, кәмелетке толмағандардың іс-әрекеттері үшін заңды өкілдер жауап береді.