Павлодарда жауынгерлік қарудан оқ атудан ІІМ чемпионаты басталды
Павлодарда жауынгерлік қарудан оқ ату бойынша ІІМ чемпионаты басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласында құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында жауынгерлік қарудан оқ ату бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің чемпионаты басталды. Чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 26 команда қатысуда.
Іс-шара "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Ашылу салтанатында Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
- Құрметті қатысушылар! Сіздерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің чемпионатының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл сайыс – тек мергендік пен шеберліктің ғана емес, тәртіп пен табандылықтың да айғағы. Баршаңызға сәттілік, әділ жарыс және жарқын жеңістер тілеймін, - деді Болат Нұрсейітов.
Сонымен қатар салтанатты жиынға “Динамо” ДСҰ Орталық кеңесі аппаратының басшысы Хайрулла Гүлайым қатысты.
Чемпионат аясында мандаттық комиссияның отырысы өтті. Оған “Динамо” ДСҰ Орталық кеңесінің ұйымдастыру-бақылау жұмысы басқармасының бастығы Владимир Марьин мен ҚР ІІМ арнайы және жұмылдыру дайындығы департаментінің аға инспекторы Әділжан Сматов төрағалық етті.