Павлодарда жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзу деректері жиілеген
Павлодар облысында жеті мыңнан астам жаяу жүргінші жол ережесін бұзған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полицейлері жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстарын жалғастыруда. Дегенмен, жаяу жүргіншілердің тәртібін әлі де жоғары деңгейде деп айтуға болмайды. 2025 жылдың басынан бері жол қозғалысы ережелерін елемеген 7 мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, ереже бұзушылықтардың басым бөлігі қозғалыс қарқыны жоғары аймақтарда, сауда үйлері мен базарларға іргелес көшелерде тіркелген. Көп жағдайда тұрғындар жолды белгіленбеген жерден өтеді. Бұзушылардың айтуынша, реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдері тым алыс орналасқан және өтуге уақыт жетпейді. Алайда жаяу жүргіншілер өткелдерінің орналасуы мемлекетаралық стандартпен реттеледі.
Сонымен қатар жолды кесіп өтер алдында айналасына қарап, жақын маңда көліктің жоқтығына көз жеткізбейтіндер де бар. Кейбірі құлаққап тағып, телефонға алаңдап жолдан өтеді. Бұл өз кезегінде көліктің ескерту дабылын есту мүмкіндігінен айырып, оқыс жағдайға әкелуі ықтимал. Мұндай әрекеттер 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға ғана емес, жаяу жүргіншінің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.
Полиция департаменті жаяу жүргіншілерге қауіпсіздіктің ең алдымен өз қолдарында екенін еске салады. Тәуекелге бармай, бағдаршам немесе жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өту, сондай-ақ жолда мобильді телефон сияқты назарды бөлетін заттарды қолданбау – өз қауіпсіздігіңді сақтаудың басты кепілі.
Сонымен қатар жүргізушілерге де жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындағанда жылдамдықты алдын ала төмендетіп, жаяу жүргіншілерге жол беру қажеттігі ескертіледі.