Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда жедел уәкілдер іздеудегі қылмыскерлер мен хабар-ошарсыз кеткендерді тапты

Павлодарда жедел уәкілдер іздеудегі қылмыскерлер мен хабар-ошарсыз кеткендерді тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық бұзушылыққа жауапкершілікті бұлтартпасты қамтамасыз ету – әділетті мемлекеттің негізгі қағидаларының бірі. Сол себепті қылмыстық қудалаудан жалтарған азаматтарды іздестіру полицияның маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Павлодар облысы полиция департаментінің хабарлауынша, биыл жедел уәкілдер 86 қылмыстық құқық бұзушыны іздеп тауып, олардың әрекеттеріне заңды баға берді. Көбіне іздеуге шағын немесе орташа ауырлықтағы қылмыстар жасаған азаматтар шығарылады. Тергеу барысында оларға әдетте "ешқайда кетпеу туралы қолхат" сияқты бұлтарпау шаралары қолданылады.

Дегенмен, кейбір құқық бұзушылар жауапкершіліктен жалтару үшін туған өңірін тастап, соттан немесе бас бостандығынан айыру жазасынан қашуға тырысады. Алайда жедел уәкілдердің кәсіби іс-қимылы мен өзара үйлескен жұмысы нәтижесінде олардың басым бөлігі уақытылы анықталып, ұсталады.

Сонымен қатар жедел-іздестіру қызметінің маңызды бағыттарының бірі – хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру. Бұл бағыт жоғалғандар туралы өтініштерді қарауды, олардың жағдайларын зерттеуді және табылған адамдардың орналасқан жерін анықтауды қамтитын кешенді шараларды талап етеді. Биылғы жылы жедел уәкілдер 31 хабар-ошарсыз кеткен адамның орналасқан жерін анықтады.

Полицияның мәліметінше, адамдардың жоғалуына ең алдымен алкогольге тәуелділік және отбасындағы келеңсіз қарым-қатынастар әсер етеді. Кейде адамдар өз жоспарларын ешкімге айтпай басқа жерге кетіп, қарапайым ұмытшақтық салдарынан хабар-ошарсыз болып жатады.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, полицияның басты міндеті – көмекке мұқтаж әр азаматқа дер кезінде қолдау көрсету. Егер жақыныңыз жоғалып кетсе, тұрғылықты жердегі полицияға дереу хабарласу қажет. Ал жоғалған адам үйіне оралған жағдайда, іздестіру шараларын ресми түрде тоқтату үшін бұл туралы полицияға хабарлау маңызды.

Павлодар облысының полициясы барлық өтініштерге жедел әрекет етеді және орын алуы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланады.

– Біздің үндеуіміз – туғандарыңызға жақын болыңыздар. Бұл қиын жағдайлардың алдын алуға және кез келген мәселенің тиімді шешімін табуға мүмкіндік береді, – дейді полиция қызметкерлері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру