Павлодарда жол апатына себепші болған жылқы иесі жауапқа тартылды
Павлодар облысында жол апатына себепші болған мал иесі анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Қараусыз жайылып жүрген мал мәселесі бүгінгі күнге дейін өзекті болып қала беруде. Мал иелерінің немқұрайлы қарым-қатынасы көбінесе қайғылы салдарға әкеледі. Қараусыз жайылып жүрген мал көбінесе жол-көлік оқиғаларына себеп болады. Мысалы, жуырда «Ленин–Курчатов» автожолының 45 шақырымында «Лада Приора» автокөлігінің жүргізушісі жолдан өтіп бара жатқан жылқыға соққан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөлік зақымданды, ал жылқы зардап шеккен жоқ. Полицейлер тексеру барысында жылқының иесін анықтады. Ол Ақсу ауданы ауылдарының бірінің 62 жастағы тұрғыны болып шықты. Ауыл тұрғыны ҚР ӘҚБтК-нің 615 (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) және 408-баптары (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Мыңбай Асылбеков.
Айта кету керек, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс полицейлері автожолдарда рейдтерді тұрақты түрде өткізіп тұрады. Бүгінге дейін полиция қызметкерлері иесіз жайылып жүрген 248 бас қараусыз малды анықтап, коммуналдық тұраққа қамады. Қараусыз жайылып жүрген малдардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.