Павлодарда жүкті әйеліне қол көтерген тұрғынға қатысты әкімшілік іс қозғалды
Павлодарда мас күйде жүкті әйеліне қол көтерген тұрғынға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Материал сотқа жіберілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласында бір күнде отбасылық-тұрмыстық сипаттағы жанжалдар туралы кемінде 40 шақыру келіп түседі. Мысалы, кешкі сағат 20.00 шамасында Ломов көшесіндегі үйлердің бірінде тыныштық болмады. Мас күйеуі жүкті әйеліне дөрекі сөйлеп, тіпті қол көтерген. Іштегі баласының қауіпсіздігіне алаңдаған әйел полиция шақырды.
– 43 жастағы ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы 1-1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жіберілді. Учаскелік инспекторлар қорғау ұйғарымын шығарды, – деді Павлодар қаласының Оңтүстік полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Рустам Серғазинов.
Басқа жағдайда, Ткачев көшесіндегі көпқабатты үйдің пәтерлерінің бірінде 57 жастағы әйел Оңтүстік полиция бөліміне хабарласып, қызметкерлерден мас келініне қатысты шара қабылдауды сұрады. Келін енесінен алкоголь үшін дүкенге баруды талап еткен. Енесі бас тартқаны үшін келіні үйде жанжал шығарған. Енесіне балағат сөздер айтқан.
– Осы факт бойынша келініне қатысты материал ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік сотқа жіберілді. Сот әйелге ескерту шығарып, ішімдікке құмарлықтан емдеуге жолдау берді,– деп толықтырды Рустам Серғазинов.
Жыл басынан бері Оңтүстік полиция бөлімі отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-қимыл бойынша 226 хаттама толтырды.