Павлодарда жыл басынан бері полицейлер бір мыңнан астам ұсақ бұзақылықтың алдын алды
Павлодарда жыл басынан бері полицейлер бір мыңнан астам ұсақ бұзақылықтың алдын алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұсақ бұзақылық – қоғамдық тәртіпке қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың ең жиі кездесетін түрлерінің бірі. Бұл бап әртүрлі заңға қайшы әрекеттерді қамтиды, алайда олардың барлығын қоғамға құрметсіздік таныту дерегі біріктіреді.
Мәселен, Павлодар қаласының вокзал алаңында жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасына темекісін шегіп болған соң тұқылын жерге тастаған ер адам ілікті.
Тағы бір жағдайда Камзин көшесінде азамат темекі тұқылын қасындағы қоқыс жәшігіне салмай, белгіленбеген жерге лақтырған. Осы секілді әрекеттерге барған құқық бұзушылардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Әрбір азамат өзінің азаматтық ұстанымын айқын көрсетіп, ең болмашы құқық бұзушылыққа да жол бермеуі тиіс. Себебі кез келген тәртіп бұзушылыққа төзбеушілік – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың басты кепілі.
"Заң және тәртіп" қағидатын берік ұстанып, әрқайсымыз "Таза Қазақстан" атты игі бастаманы қолдау арқылы салауатты, заңға бағынатын әрі ұстанымы берік ұрпақ тәрбиелеуге үлес қоса аламыз.