Павлодарда жыл басынан бері жол ережесін бұзған 200-ге жуық жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған
Павлодарда жыл басынан бері жол ережесін бұзған 200-ге жуық жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған, - дерп хабарлайды Polіsia.kz.
Бүгінде көлік – сән-салтанаттың белгісі емес, күнделікті қажеттіліктің құралына айналды. Жол қозғалысына қатысушы әрбір азамат, әсіресе жүргізуші, ортақ кеңістікте жүргенін және жолды бірлесе пайдаланатынын естен шығармауы тиіс. Мұндайда өзара түсіністік пен сыйластық, сақтық пен сабыр – басты қағидаларға айналуы қажет.
Алайда, өкінішке орай мұндай қағидалар барлық жүргізушінің бойынан табыла бермейді. Павлодар қаласында жүргізілген әлеуметтік желілер мониторингі барысында тәртіп сақшылары Н. Назарбаев пен академик Шокин көшелерінің қиылысында орын алған жол ережесінің өрескел бұзылуын анықтады. Lada Granta және Mercedes автокөліктерінің жүргізушілері жолды бөлісе алмай, апатты жағдай туғызған. Олардың бұл әрекеті жол қозғалысының өзге қатысушылары үшін қауіп төндіріп, жол ережелерінің өрескел бұзылуына алып келген.
Аталған құқық бұзушылық фактісі бойынша екі жүргізуші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері осындай әрекеттер үшін 200-ге жуық жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған.
Ішкі істер органдарының қызметі "Заң және Тәртіп" қағидатына негізделген. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс. Әрбір құқық бұзушы өзінің әрекеті үшін заң алдында міндетті түрде жауап береді.
Жол – бәрімізге ортақ. Оны құрметтейтіндер ғана қауіпсіздік пен мәдениеттілікті қамтамасыз ете алады.