Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодардағы құқық бұзушылықтарға тосқауыл қойылды

Павлодардағы құқық бұзушылықтарға тосқауыл қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында жыл басынан бері полиция қызметкерлері ойын-сауық мекемелері мен демалыс орындарында кальян шегуге тыйым салу талаптарының сақталуын бақылауға ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты жүргізілген рейдтер нәтижесінде алты құқық бұзушылық дерегі анықталып, тиісті шаралар қабылданды.

Полиция департаментінің мәліметінше, Лермонтов, Ломов, Абай, Торайғыров, Академик Сәтбаев көшелері мен Назарбаев даңғылында орналасқан мекемелерде келушілер кальян шегіп, заң бұзған. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар кальян шегуге жағдай жасаған мекеме әкімшілері де назардан тыс қалмай, әрқайсысы 25 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

– Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтерді жүйелі түрде жалғастыруда. Бұл – «Заң және тәртіп» қағидатының іске асырылуындағы негізгі бағыттардың бірі, – деп атап өтті Павлодар облысының полиция департаменті.

Құқық бұзушылықтың кез келген түрі заң аясында жазаланатынын ескере отырып, ішкі істер органдары тұрғындарды заң талаптарын сақтауға шақырады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – тек полицияның ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру