Павлодарлық азамат отбасылық жанжалдың салдарынан қару сақтау құқығынан айырылды
Павлодар облысының тұрғыны отбасылық жанжалдан кейін қару сақтау құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы Успен ауданының тұрғыны мас күйінде әйеліне тіл тигізіп, үйінде жанжал шығарған.
– Отбасылық жанжалға қатысты ер адамды жауапкершілікке тарту үшін ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі (Құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдiру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер) бойынша әкімшілік іс қозғалды, бұдан басқа, жәбірленушіге қатысты оның мінез-құлқына ерекше талаптары бар қорғау ұйғарымы шығарылды. Айта кету керек, аталған тәртіп бұзушы газды тапаншаның иесі болып табылады және «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабы 4-тармағының 5-тармақшасына сәйкес оның тапаншасы алынды, сондай-ақ азаматтық қаруды сақтау және алып жүру құқығы тоқтатылды, – деді Павлодар облысы Успен аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Әсет Садықов.
Сонымен бірге, тәртіп сақшылары отбасылық-тұрмыстық жанжалдар өте кең таралған мәселе екенін, оны шешу көбінесе полицияның көмегінсіз мүмкін емес екенін атап өтті.