Павлодарлық азаматтан синтетикалық есірткі тәркіленді
Павлодарлық азаматтан синтетикалық есірткі тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Павлодар қаласында полиция қызметкерлері есірткі заттарын сатқан деп күдіктенген 32 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
– Іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде тұрғылықты жері бойынша күдіктіден есірткі заты салынған 124 пакет, қаптау материалы және электрондық таразы тәркіленді. Операция барысында полиция қызметкерлері жалпы салмағы 470 грамм болатын есірткі заттарын тәркіледі. Сараптама нәтижелері бойынша алынған ұнтақ синтетикалық препарат болып шықты, – деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Полиция есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын сату немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын нақтылады. Күдікті қамауға алынды.
Айта кетейік, жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымы саласында құқық бұзушылық жасағаны үшін 31 азамат ұсталды, заңсыз айналымнан 123 келіден астам тыйым салынған заттар, оның ішінде: 59 келі героин, 44 келі марихуана, 14 келі гашиш және 4,2 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.