Павлодарлық бұзақы қала тұрғынының көлігіне кәріз суын шашып жіберген
Павлодарлық бұзақы біреудің көлігіне кәріз суын шашып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 18 қаңтарында қалалық компаниялардың бірі кәріз септиктерін тазартуды бастаған. Ол үшін компания өкілдері шлангты басқа жеке кәсіпкерге тиесілі аумақ арқылы өткізуі керек болған. Жер учаскесінің иесі шлангтың өз аумағы арқылы өтуіне үзілді-кесілді қарсы болған. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жер иесінің өкілі өз машинасымен шланг орналасқан жерге жақындаған. Кәріз септиктерін тазалаумен айналысатын фирма басшысы көп ойланбастан, оның көлігіне септиктен шыққан ағын суды шашып жіберген, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған құқық бұзушылық үшін фирма басшысына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері ұсақ бұзақылық жасағаны үшін полицейлер 10 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.