Павлодарлық "Хатико": бостандыққа шыққан азаматты иті қақпа алдынан күтіп алды
Павлодарда жүректі елжіретер оқиға болды. Ұрлық үшін сотталған Иван жазасын өтеп, рақымшылыққа ілігіп бостандыққа шыққан сәтте, мекеме қақпасының алдында оны төртаяқты досы — Тайсон күтіп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қақпа ашылғанда Иван көз алдындағы таныс бейнені бірден таныды. Тайсон иесін көрген бойда, қуаныштан жүгіріп келіп, құйрығын бұлғаңдатып қарсы алды. Ал Иван қуаныш пен сағынышын жасыра алмай, көз жасына ерік берді де, сүйікті итін құшағына қысты. Сол сәт – нағыз адалдық пен сүйіспеншіліктің символына айналды.
Иванның айтуынша, дәл осы Тайсон туралы ойлар оған үміт сыйлап, өмірін қайта бағалауға түрткі болған.
Жазасын өтеу кезінде ол еңбек пен тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысып, тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Мекеме әкімшілігі оның оң өзгерістерін атап өтіп, қоғамға қайта бейімделуге дайын екенін жеткізді.
Бүгінде Иван мен Тайсон жаңа өмірдің парағын бірге ашты. Алда оларды сынақтар да, үміт те күтіп тұр. Бірақ ең бастысы – олар енді жалғыз емес.
