Павлодарлық полицейлер әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша шаралар қабылдауда
Павлодар облысының полицейлері 2020 жылдың 10 айында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін 2 514 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – бұл физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық, психологиялық, эмоционалдық және экономикалық қысым сияқты көптеген көріністері бар күрделі құбылыс.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың сансыз түрлері бар, бірақ зорлық-зомбылықтың ең көп таралған түрі – ер адамның (күйеуінің, бірге тұратын серігінің, досының және т.б.) зорлық-зомбылығы.
Отбасылық жанжалдар әрдайым балағат сөздермен, қорлаумен және тұрмыстық заттарды бүлдірумен шектелмейді. Әйелдерге қарсы жұдырық жұмсалатын жағдайлар да жиі кездеседі.
Мәселен, 2020 жылдың 10 айында полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін 2 514 адамды, 73-2-бабы бойынша ұрып-соққаны үшін 215 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Отбасылық жанжалдарға шақырылған полиция қызметкерлері 4000-нан астам қорғау нұсқамасын шығарды, оларды бұзғаны үшін 458 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылардың жүріс-тұрысына 493 ерекше талап қойылды, оның 485-не алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынды.