Павлодарлық полицейлер эпилепсия ұстамасы кезінде ер адамға көмек көрсетті
Павлодарлық полицейлер эпилепсия ұстамасы кезінде ер адамға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 тамызда сағат 11:18 шамасында Павлодар қаласының патрульдік полиция батальонының инспекторлары полиция аға лейтенанты Руслан Байғабылов пен Жеңіс Дәукенов М.Жүсіп пен Ломов көшелерінің қиылысындағы жолдан өтіп бара жатқанда ер адамның жерге құлағанын байқаған.
– Полиция қызметкерлері жолда тоқтап, оған жақындағанда қала тұрғынының эпилепсия ұстамасы басталғанын көріп, жедел жәрдем келгенге дейін полиция қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Құлаған кезде ер адам асфальтқа басын соғып, жарақат алған, полицейлер оның жарасын таңып, дәрігерлерді күтті, – деді Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонының командирі Алтынбек Медияров.
Басшылық пен әріптестер Руслан Байғабылов пен Жеңіс Дәукеновті іске жауапкершілікпен қарайтын, қиын сәтте көмекке келуге дайын қызметкерлер екенін атап өтті.
Руслан Байғабылов ішкі істер органдарында 11 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді, осы уақыт ішінде ол қиын өмірлік жағдайларға тап болған азаматтарға бірнеше рет көмектесті. Ал Жеңіс Дәукенов болса, полицияға бір жыл бұрын келген, бірақ ол өзін кез-келген қиын тапсырмаларды тиянақты орындай алатын полицей ретінде көрсетті.
Айта кету керек, саптық бөлімшелердің қызметкерлеріне «Қазақстан Қызыл жарты ай» қоғамдық ұйымы тұрақты түрде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақтар өткізеді. Өйткені, күн сайын тәртіп сақшылары адамдарға жедел медициналық көмек қажет болатын жүздеген оқиғаларға барады.