Павлодарлық полицейлер «Менің бақытты отбасым» байқауын өткізді
Павлодарлық полицейлер «Менің бақытты отбасым» байқауын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 маусымда Павлодар облысы Полиция департаментінің тергеушілерінің, анықтаушылары мен криминалистерінің балалары арасында «Менің бақытты отбасым» байқауының қорытындысы шығарылды. Байқау отбасының рөлі мен маңыздылығын, отбасылық қатынастардың жағымды тәжірибесін таратуға бағытталған.
Балалар ата-аналарымен бірге төрт кезеңде жарысты. Балалар презентациялар дайындады, онда өз отбасылары туралы, үйде сүйікті тағамдарын қалай дайындайтындары жайлы айтып берді, ән-күй орындап, болашақта кім болғысы келетіндерін айтты. Барлық қатысушылар белсенді болды.
– Байқаудың барлық қатысушылары бұл күнді ұзақ уақыт есте сақтауы үшін біз ең қызықты және тартымды конкурстарды таңдауға тырыстық. Байқауға көптеген отбасылар қатысып, өздерінің отбасылық тарихы мен салт-дәстүрлерімен бөліскендері өте жақсы, өйткені отбасы – әрқайсымыз үшін ең маңызды және құнды, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздіктерді анықтады. Бірінші орынды Сәкеновтер отбасы, екінші орынды Сартовтар, үшінші орынды Мусеновтар иеленді. Көрермендер көзайымы сыйлығына Жақсыбергеновтар отбасы ие болды. Барлық балалар сыйлықтар мен марапаттарға ие болды.