Павлодарлық полицейлер жолда жанармайы таусылып қалған жүргізушіге көмектесті
Павлодарлық полицейлер жолда жанармайы таусылып қалған жүргізушіге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызмет көрсететін учаскеде патрульдеу кезінде Павлодар облысы Железин ауданының инспекторлары Данияр Ищанов пен Данияр Алимбаев Жаңа жұлдыз-Михайловка тас жолында жол жиегінде тұрған көлікті көріп, жағдайдың дұрыс еместігін біліп тоқтаған.
Тоқтап тұрған көліктің жүргізушісі – Железин ауданы Есқара ауылының тұрғыны болып шықты. Оның айтуынша, ол Михайловка ауылына бағыт алған жолда жанармайы таусылған. Сондай-ақ, ол жолдағы көліктердің тоқтамай, бір сағаттан артық уақыттай аязды күні далада тұрып қалғанын айтты.
Бір минутта кідірместен тәртіп сақшылары көлікті тіркеп алып, бағыт алған жеріне жеткізіп салған.
Ер адам полицейлерге өз алғысын білдіріп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.