Павлодарлық тұрғын алаяқтық қылмысының бетін ашқан полицейге алғысын білдірді
Павлодарлық тұрғын алаяқтық қылмысының бетін ашқан полицейге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы В.Склярдың атына Павлодар қаласының тұрғыны зейнеткер Қайыртас Нұрғалиевтен Павлодар қаласындағы №5 полиция пунктінің учаскелік инспекторы Мадияр Тұрсынбаевты марапаттау ұсынысымен алғыс хат келіп түсті.
– Мен – ардагер ұстазбын, Павлодар қаласында тұрамын. Жақында жұбайым екеуміз интернет-сауда жасаймыз деп алаяқтардың арбауына тап болдық. Көп ойланбастан, бірден өзіміздің учаскелік полицейіміз – Мадияр Тұрсынбаевқа көмек сұрап бардық. Мадияр Ерболұлы алаяқтардың Алматы қаласынан екенін анықтап, бірден қылмысты ашуға кірісті. 2 күннің ішінде алаяқтардан біздің ақшамызды алып берді. Екінші Павлодар мөлтек ауданында Мадиярдай антына адал полицейлердің барына біз – зейнеткерлер қуанамыз, ұйқымыз тыныш деуге де болады. Біздің тыныштығымызды күзетіп жүрген Мадиярдың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Осы полицейдің өз қызметіне деген адалдығы арқылы құқық қорғау органдарында қарапайым адамдардың мәселелерін шешуге дайын кәсіби, жанашыр адамдар жұмыс істейтініне көз жеткіздім. Құрметті Василий Васильевич, Павлодар қаласындағы №5 полиция пунктінің учаскелік инспекторы Мадияр Тұрсынбаевты қала зейнеткерлерінің алғысына бөленгенін ескере отырып, өз атыңыздан марапаттауыңызды сұраймын, – делінген алғыс хатта.