Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарлық тұрғын баласын тауып берген полиция қызметкеріне алғыс жолдады

Павлодарлық тұрғын баласын тауып берген полиция қызметкеріне алғыс жолдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына Ертіс ауданынан алғыс хат келіп түсті. Хатта Ертіс аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының қызметкері Аслан Каменскихке тұрғын Жанар Дүйсембина ризашылығын білдірген.

– Таңғы уақытта медициналық процедураға кетіп бара жатып, балаларымды үйде қалдырдым. Үлкен ұлыма кішкентайларға қарауды тапсырдым. Алайда мен жоқта үш жасар қызым мені іздеп, үйден шығып кеткен. Сол сәтте менің телефоныма полиция қызметкері хабарласып, өзін таныстырып, қызымды үйден бір шақырым жерден тауып алғанын айтты. Жақын маңда Ертіс өзені бар еді, сол сәтте полицейдің қырағылығы болмаса не боларын ойлаудың өзі қорқынышты, – дейді Жанар.

Ол Аслан Болатұлының тек кәсіби міндетін орындап қана қоймай, отбасы амандығы үшін үлкен жауапкершілік танытқанын ерекше атап өтті.

– Ол бізге қауіпсіздік пен сенім сыйлады. Полиция қызметкерінің сезімталдығы мен дер кезінде әрекет еткендігі үшін бүкіл отбасым атынан шын жүректен алғыс айтамын. Біздің тыныштығымызды күзететін осындай тәртіп сақшыларына рақмет! – деп жазды Жанар Дүйсембина.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру