Павлодарлық тұрғын полицейлердің кәсіби әрекетіне ризашылығын білдірді
Павлодарлық тұрғын полицейлердің кәсіби әрекетіне ризашылығын білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіпті сақтау мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі полицейлердің күнделікті еңбегі өз бағасын алуда. Бұл жолы Павлодар қаласының тұрғыны Ирина Плесовских полиция департаменті бастығы Василий Склярдың атына алғыс хат жолдап, өзін алаяқтықтан қорғап қалған тәртіп сақшыларына ерекше ризашылығын білдірді.
Хатта азаматша Павлодар қалалық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің тергеушісі Айдын Қанапия мен орталық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ернұр Жақсылықтың жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында интернет-алаяқтың құрбаны болудан аман қалғанын атап өтті.
– Мен интернет арқылы жалған сатушының шотына ақша аударып, алданып қалдым. Алайда полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жылдам әрекетінің арқасында ақшам толық қайтарылды. Осы үшін оларға шексіз алғысымды білдіремін, – делінген алғыс хатта.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары бұл сенім мен қолдауды жоғары бағалап, алдағы уақытта да өз міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен атқара беретінін айтты.
Полиция департаменті азаматтарды интернеттегі сауда кезінде аса сақ болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және төмен баға мен тегін жеткізілім сияқты уәделерге алданып қалмауға шақырады. Тек қырағылық пен мұқияттық сізді алаяқтардың құрбаны болудан сақтайды.