Павлодарлық тұрғыннан аса ірі көлемде мефедрон тәркіленді
Павлодарлық тұрғыннан аса ірі көлемде есірткі тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Павлодар қаласында синтетикалық есірткіні сақтады деген күдікпен 21 жастағы ер адамды ұстады.
Анықталғандай, ол бірқатар көлеңкелі интернет-дүкендердің қоймашысы болған.
Жүргізілген тінту шаралары кезінде күдіктіден 200 грамнан астам мефедрон есірткі заты бар түйіншектер табылып, тәркіленді.
Қазіргі уақытта жедел уәкілдер ұсталған ер адамның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
– Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу түрі таңдалды.