Павлодарлық зейнеткер алғаш рет жеке куәлігіне қол жеткізді
Павлодарлық зейнеткерге алғашқы жеке куәлігі табыс етілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ел аумағында құжатсыз жүрген азаматтардың басым көпшілігі ТМД елдерінің жарамсыз құжаттарымен немесе КССРО құжаттарымен жүргендер. Олардың басым бөлігі Қазақстан Республикасына кәмелетке толмай немесе ескі құжатпен келген. Осыған байланысты бұл санаттағы азаматтар мемлекеттік қызметтер, жәрдемақы алу құқығынан айырылған.
– Қазіргі таңда құжатсыз жүрген азаматтарды анықтап, оларды Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның құжаттарымен құжаттандыру бойынша кең ауқымды акция өтіп жатыр, – деді Павлодар облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Уәлиев.
2021 жылы 1974 жылғы үлгідегі құжаттар мен туу туралы куәліктерінің негізінде 34 азамат Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарымен, 7 азамат азаматтығы жоқ адамның куәлігімен құжаттандырылды.
Мысалы, Екібастұз қаласының 67 жастағы тұрғыны 16 жасқа толған кезде 1974 жылғы үлгідегі жеке басын куәландыратын құжатын алған, сосын оны жоғалтып алып, одан кейін құжаттарын ресімдемеген. Ол жылдар бойы келісімшартсыз жұмыс істеп келген. Ол жаңа құжаттарын көші-қон қызметкерлерінің көмегімен бір айда ресімдеді.
Ал Ақсу қаласының 55 жастағы тұрғыны ескі үлгідегі құжатын жалпыға бірдей құжат ауыстыру кезеңінде ауыстырмай, кейін мүлдем жоғалтып алған. Осыған байланысты 2020 жылғы желтоқсанда оған көші-қон қызметкерлері ҚР азаматының құжаттарын ресімдеу бойынша көмек көрсетті.
Полиция қызметкерлері аталған санаттағы азаматтарға құжаттарын ресімдеу үшін көші-қон қызметіне жүгіну керектігін еске салады.