Павлодарлық жас тергеушінің жауапты қызметі
Тергеушінің қызметі – үнемі ізденіс, тыңғылықтылық пен жоғары жауапкершілік талап ететін күрделі сала. Күн сайын жаңа қылмыстық істер, оқиға орнына шығу, жауап алу, сараптама тағайындау, материалдарды сотқа жолдау – мұның бәрі заң шеңберінде жүзеге асырылады. Әрбір қабылданған шешім үшін толықтай жауап беретін тергеуші үшін бұл – тек мамандық емес, өмір салты. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Осы жауапты қызметтің бел ортасында жүрген жас маман –Карина Бектемирова Павлодар қаласы полиция басқармасының тергеушісі. Ол ішкі істер органдарына 2023 жылы қабылданған.
– Мен бала кезімнен полицияда қызмет етуді армандадым. Бұл арманыма менің атам себепкер болды. Ол – кезінде құқық қорғау саласында абыройлы еңбек еткен, нағыз үлгі тұтар азамат еді, – дейді Карина.
Карина Павлодар қаласындағы №39 мектепті тәмамдаған соң, Инновациялық Еуразия университетінің колледжіне "құқықтану" мамандығы бойынша оқуға түсіп, кейін заң факультетінде оқуын жалғастырған. Екі оқу орнын да қызыл дипломмен аяқтаған ол, білімге деген құштарлығы мен табандылығының арқасында өмір жолын ішкі істер органдарымен байланыстырды.
Еңбек жолын Солтүстік полиция бөлімінде тергеуші болып бастаған Каринаның ұқыптылығы мен іскерлігі басшылық тарапынан жоғары бағаланып, қылмыстық істерді тергеудегі нәтижелері оны қалалық полиция басқармасының тергеу бөліміне ауысуға мүмкіндік берді.
Бүгінде ол есірткі қылмыстары мен кибер алаяқтық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеулерді жүргізуде – бұл бағыттар құқық қорғау саласындағы ең күрделі және өзекті салалардың бірі саналады. Қызметіне бар ынтасымен берілген жас тергеуші маңызды процессуалдық шешімдер қабылдап, әділет салмағын таразылауға атсалысуда.
– Мен өз жұмысымды шын жүректен жақсы көремін. Полицияда қызмет ету – мен үшін үлкен абырой. Адамдарға көмектесу, әділеттілікті қалпына келтіру, заңды қорғау – міне, мені алға жетелейтін басты күш осы, – дейді Карина.
Карина сынды жанашыр да кәсіби мамандардың бейнесі болашақта полиция қызметіне келгісі келетін жастарға жол көрсетіп, шабыт береді.
– Полиция – бұл тек форма мен заң нормалары емес. Бұл – өз ісіне адалдықпен қарайтын, жүрегімен қызмет ететін жандардың таңдауы, – деп атап өтті ведомстводан.