Павлодарлық жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін қамауға алынды
Павлодар облысында алкоголдік масаң күйде көлік жүргізген ауыл тұрғыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде полиция қызметкерлері Қызылжар ауылы Школьная көшесінің бойымен келе жатқан автокөлікті тоқтатты. Құжаттарды тексеру және жүргізушіні куәландыру кезінде 42 жастағы ауыл тұрғынының мас екені анықталды, – деді Павлодар облысы Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Молдабаев.
Полиция қызметкерлері жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік іс қозғалғанын, материал аудандық сотта қаралғанын атап өтті. Сот қаулысымен жүргізуші ҚР ӘҚБтК 608-бабының 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 20 тәулік мерзімге қамауға алу түрінде әкімшілік жазаға тартылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Ертіс ауданында мас күйінде көлік жүргізген екі жүргізуші жауапкершілікке тартылды.