Петропавл полицейлері 10 миллион теңгеге жасалған интернет-алаяқтықты тергеуде
Петропавл полицейлері 10 миллион теңгеге жасалған интернет-алаяқтықты тергеуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қ. Полиция басқармасының Екінші полиция бөліміне қала тұрғыны хабарласып, алаяққа алданып қалғанын айтқан. Оған әлдебіреу «банктің қауіпсіздік қызметіненмін» деп хабарласып, оның атына басқа бір бейтаныс адам ірі несие ресімдегенін айтқан. Қоңырау шалған адамның сөзінше, алаяқтардың алдамшы әрекеттерін болдырмас үшін, несие лимитін таңдау қажет болған. Тұтқаның арғы жағындағы бейтаныс адамға сенген өңір тұрғыны түрлі банктерде 10 миллион теңгеге несиелер ресімдеген. Ресімдеуден соң келіп түскен ақшаны қаскөйдің нұсқауымен «резервтік шотқа» жіберген. Сол сәтте-ақ ақша бірден алаяқтардың қолынан бір-ақ шығады.
– Жәбірленуші бұрын алаяқтар туралы естігенін айтқан. Бірақ өзі алданып қаламын деп ойламаған. Алаяқ жәбірленуші барлық әрекеттерін қолданып, әлдекімдердің оны аңдып жүргенін, телефоны арқылы тыңдап, несие ресімдегелі жатқанын айтып сендірген. WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, бұның жалғыз қауіпсіз арна екенін айтқан. Психологиялық шабуылдың тәсілдері күн сайын өзгеріп тұрады. Алайда олардың барлығының мақсаты бір – адамға ойлануға мүмкіндік берместен тез арада шешім қабылдату, – дейді Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.
Полицейлер азаматтардан сақ болуды және нағыз банк қызметкерлерінің осындай сұрақтар қойып, басқа әрекетер жасауды талап етіп, хабарласпайтынын естен шығармауды сұрайды. Егер сіздің телефоныңызға «банктің қауіпсіздік қызметінен» хабарласса, бірден тұтқаны қоя салған абзал. Өзіңіздің шотыңыз туралы шынайы ақпаратты банктің бөлімшесіне жүгініп, алуыңызға болады.