Петропавл полицейлері автобөлшектерді ұрлаған күдіктіні ұстады
Петропавл полицейлері автобөлшектерді ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қ. «Океан» СҮ маңындағы сауда орнының иесі полицияға тауарының ұрланғаны туралы арызданды. 27 қаңтар күні таңертең ол бұзып кіру іздерін және 130 мың теңгеден астам сомаға автобөлшектердің жоғалғанын анықтаған. Қылмысты ашуға кәсіпкер орнатқан бейнекамералар және Жедел басқару орталығының камералары септігін тигізді. Камера жазбаларынан қаскөй сағат 22.00-ден кейін ұрлық жасап, такси шақырғаны белгілі болды. Жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Петропавл қ. Екінші полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін істі болған 27 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Күдікті ұрланған заттарды таксиде отырғанда сата бастаған, такси жүргізушісіне автокөлікке арналған кілттер жиынтығын сатып жіберген. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша енгізілді. Күдіктіге қатысты міндетті келу түріндегі мәжбүрлеу шарасы тағайындалды. Ұрланғанның бір бөлігі тәркіленді.
– Бейнебақылау камералары – қылмысты ізін суытпай ашуға ықпал ететін тиімді құрал болып табылады, – деді Екінші полиция бөлімі бастығының орынбасары Самат Тастан. – Қылмыстық қол сұғушылықтан қорғану үшін кәсіпкерлерге бизнес-объектілерді камералармен жабдықтауға кеңес береміз.