Петропавл полицейлері hi-tech стилінде жасалған ұрлықтың жолын кесті
Солтүстік Қазақстан облысында белгісіз қылмыскер автосигнализацияның кодын оқитын құрылғыны қолданып, бөгде адамдардың көлігіне кірген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 қыркүйекте Петропавл қаласының Полиция басқармасына қала тұрғыны Горький көшесіндегі № 10 орта мектептің жанында қалдырылған «Mitsubishi» көлігі салонынан банк карталары мен ақшасы болған әмияны ұрланғаны жайлы жүгінген. Келтірілген шығын сомасы 150 мың теңге. Криминалистер бұзып кіру белгілерін тапқан жоқ. 8 қыркүйекте келесі бір қала тұрғынының Алтынсарин көшесіндегі үйдің маңында тұрған «Nissan Аlmera» автокөлігінен әмияны із-түссіз жоғалған. Әмиянда құжаттар мен 22 мың теңге ақша болған. Полицейлер жаңа технологиялық құралмен жарақталған көлік тонаушының ізіне түсу қажеттігін түсінді. Бұдан басқа, ол негізінен балаларын мектепке немесе балабақшаға апаратын аналардың көлігін торуылдаған. Кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу нәтижесінде күдіктіні ұстау мүмкін болды. Бұрын түрлі қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 56 жастағы Қызылжар ауданының тұрғыны болып шықты. Полицейлер одан сигнализацияның кодын оқитын электронды құрылғыны алды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің (Ұрлық) 188-бабы 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған заттардың бір бөлігі алынды.
– Заманауи технология қылмыстық ортаға еніп, қылимыс жасаудың жаңа тәсілдерін тудыруда, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров. — Осындай қауіпті жаңашылдықтан қорғану қиынға соғады. Дегенмен, берілген негізгі кеңестер адамдарға өз мүлкін сақтауға септігін тигізеді, өзектілігін жоғалтпайды. Полицейлер қылмыскерлердің қызығушылығын тудыратын ақша, құжаттар мен құнды заттарды көлікте қалдырмауға әрдайым кеңес беруде. Мүмкіндігінше көлікті бейнекамералардың шолу аймағына қалдырған абзал. Айта кету қажет, бейнебақылау жүйесі ұрыны ұстауда маңызды рөл атқарды.
Электронды құрылғымен жасалған ұрлықтың осыған ұқсас жағдайы бұрын Петропавлда тіркелген болатын.