Петропавл полицейлері көлікті айдап әкетуде күдікті мас жүргізушіні ұстады
Петропавл полицейлері көлікті айдап әкетуде күдікті мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 ақпан күні таңертең Петропавлда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде Audi автокөлігін тексеру үшін тоқтатқан. Жүргізушіден спирттік ішімдіктің иісі сезілген. Медициналық куәландыру алкогольдік масаюды көрсетті. Хаттаманы толтыру кезінде полицейлер ұсталғанның мәлімдеген жеке ақпаратына күмәнданды. Тексеру кезінде оның есімін жасырғаны белгілі болды. Ұсталғанның жеке тұлғасын анықтау үшін криминалистердің көмегі қажет болды. Ер адамның саусақ іздері алынып, жеке басына қатысты мәліметтер бір сағаттың ішінде анықталды.
Ұсталған жүргізуші Алматы қаласының 31 жастағы тұрғыны болып шықты, ол Петропавл қаласындағы техникалық қызмет көрсету бекеттерінің бірінде жұмыс істеген екен. Бұл кезде полицияға автокөлікті айдап әкету туралы арыз келіп түскен, аталған көлікті ұсталған мас ер адам тізгіндеген болып шықты. Көлік иесі бірер күн бұрын Audi автомашинасын техникалық қызмет көрсету орнына қалдырып кеткен, таңертең оның жоғалғанын анықтаған.
– Ұсталған азамат көлікті масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік сотпен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша жауапқа тартылды. Баппен 15 тәулікке қамауға алу және көлік басқару құқығынан 7 жылға айыру көзделген. Көлікті айдап әкету фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автокөлікті құқыққа сыйымсыз иелену) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Материалды сотқа жіберу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді Петропавл қалалық Полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.