Петропавл полицейлері мас автобус жүргізушісін ұстады
Петропавл полицейлері мас автобус жүргізушісін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қарашаға қараған түні Петропавлда патрульдік полицейлер Әуезов көшесінен Чайковский көшесіне қарай бет алған қалалық маршруттардың бірінде жүретін «Dongfeng» автобусының жүргізушісін байқайды. Рөлде 1981 жылы туған автопарк жүргізушісі болған. Одан алкоголь иісі сезілген. Медициналық куәландыру орташа деңгейдегі масаюды көрсетті. Жүргізуші жұмыстан кейін үйіне бара жатқанын айтты. Карантиндік шектеулерге байланысты демалыс күндері жолаушылар көлігінің қозғалысы тоқтайды, осы орайда ол алдын ала «көңіл сергітпек» болады…
Полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша материал жинады. Материалдар сотқа жолданатын болады. Жүргізуші 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы және көлік басқару құқығынан жеті жылға айырылуы мүмкін.
– Көлікті масаң күйде басқару – барлық жол қозғалысы қатысушыларына қауіп төндіретін өрескел бұзушылық,- деді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах. – Осындай бұзушылықтармен күрес күнделікті жұмыс барысында, рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында жүргізіледі. Мәселен, 5 қарашадан бастап облыстық «Лишенник» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Басты мақсаты – бұрын басқару құқығынан айырылған жүргізушілерді анықтау. Жедел-профилактикалық іс-шараның екі күнінде мұндай 29 адам анықталды. Бұл ретте басқару құқығынан айырылғандардың қатары да 15 адамға толықты – екі күнде облыс жолдарында осыншама мас жүргізуші тоқтатылған.