Петропавл полицейлері мереке қарсаңындағы жолдағы жағдай туралы айтты
Петропавл полицейлері мереке қарсаңындағы жолдағы жағдай туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңажылдық мерекелер қарсаңындағы қарбалас жолдағы көліктердің кептелісіне әкеп соғады. Полицейлер көлік тізгініндегі жүргізушілерге осындай жағдайда сақ әрі абай болған маңызды екенін ескертеді. Петропавлда тек соңғы тәуліктің өзінде ғана жолдағы оқиғалар бойынша полицейлермен 20 материал жиналды.
– Мереке қарсаңында ауылдық жерлерден керек-жарақтарын сатып алуға адамдар көптеп ағылады. Өзге де жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді сыйлап, қырағылық танытып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажет, – дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Қанат Әлімжанов.
Полицейлер жаяу жүргіншілерге қатысты ерекше алаңдаушылық білдіріп, оларды жолдың белгіленген жерлерінен ғана өтуге шақырады.
– Бұл ретте қауіпсіз екендігіне көз жеткізген жөн. Қазір барлығының сыйлықтар, мерекелік дастарханға азық-түліктер алуға асығатынын түсінеміз. Асығудың соңы жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үшін қайғылы аяқталуы мүмкін. Кенеттен атып шыққан жаяу жүргіншіні көрген жүргізушінің тежегішін басып үлгермей қалуы әбден мүмкін, – деп атап өтті Әлімжанов.
Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлерімен желтоқсанда жолдар мен көшелерді тиісті жағдайда ұстамағаны үшін кемшіліктерді жою бойынша 23 ұйғарым шығарылып, 33 ақпараттық хат жолданды.