Петропавл полицейлері парфюм ұрлауда күдіктіні ұстады
Петропавл полицейлері парфюм ұрлауда күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қ. Полиция басқармасына қаладағы сауда үйлерінің біріндегі бутиктің сатушысы жүгінді. Ол бетке арналған екі түтік майдың жоғалғаны туралы арызданған. Қылмысты ашуға бейнебақылау камералары септігін тигізді. Жедел уәкілдер күдіктіні – бұрын сотты болған облыс орталығының 39 жастағы тұрғыны бірден таныды. Өткен жылы ол тонағаны үшін жазасын өтеп, бостандыққа шыққан болатын. Өкінішке орай, ол түзелуге бет бұрмай, ісін жалғастырған. Өткен жылы дүкендерде бірнеше ұрлық жасаған екен. Сөзіне қарағанда, әйелдерге арналған парфюмді қолды қылып, өтіп бара жатқан адамдарға сатқан. Шығынды аз мөлшерде келтіруге тырысқан. Оның әрекеттері ұсақ ұрлық ретінде сараланып, ол не шығынды өтеп, не кешірім сұрап жазадан құтылып отырған.
– Осы жолы шығын көлемі 12 мыңнан астам теңгені құраған, сондықтан аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша енгізілді, – деп атап өтті Петропавл қ. Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы Дархан Зияфиддин. – Бұдан бөлек, қазіргі уақытта күдіктіге қатысты басқа ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, бұл жағдайда ұры дүкеннен 32 дезодорантты қолды қылған. Тергеу әрекеттері жүргізілуде, нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады. Қала тұрғындары арзан бағаға қызығып, ұрланған затты сатып алатын болса, бұл қылмыстың қайталанып жасалуына әкеліп соғатыны туралы еске саламыз. Тауарға қатысты күдік туындаса, затты қолдан алмаған жөн.