Петропавл полицейлері қала тұрғынынан гранатаға ұқсас зат тәркіледі
Петропавл полицейлері қала тұрғынынан гранатаға ұқсас зат тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қ. Полиция басқармасының Екінші полиция бөліміне қалалықтардан Жұмысшы кентінің 22 жастағы тұрғынында гранатаға ұқсас зат болуы мүмкін деген үрейлі хабарлама келіп түсті. Хабарламаға қарағанда, ол аталған затпен көшеде жүрген. Ақпаратты тексеру кезінде тәртіп сақшылары жігіттен Ф-1 гранатасына ұқсас затты тәркіледі. Зат сараптамаға жіберілді.
– Қала тұрғыны затты өз еркімен тапсырды, гранатаның муляжын танысы сыйлаған екен, – деді Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов. – Нақты жауап сараптамадан кейін белгілі болады. Заңмен қарудың муляжын ұстауға тыйым салынбаған, алайда, оны қорқыту үшін пайдаланса, бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын арттыратын мән-жай болып табылады. Аталған заттардың иелері мұны естен шығармағандары жөн. Сондай-ақ, адамның әрекетінде қылмыс құрамы болмаған жағдайда, тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсыру әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтан босатады.