Петропавл полицейлері рецидивист-ұрыны “ізін суытпай” ұстады
Петропавл полицейлері рецидивист-ұрыны “ізін суытпай” ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл полицейлері ұрлық жасады деген күдіктіні ұстады. Ақпанның 3-не қараған түні қала тұрғыны көршілес салынып жатқан үйдің маңынан қозғалған автомашинаны байқайды. Дереу үй иесіне хабарласады, келіп жеткен иесі мүліктерін тексеріп, гаражынан дәнекерлеу аппаратының екі оттегі баллонының жоғалғанын анықтайды. Шығын сомасы 100 мың теңгені құраған. Жәбірленуші Петропавл қалалық ПБ Екінші ПБ жүгінді.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-тармағы (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Павлодар облысының 26 жастағы тұрғыны “ізін суытпай” ұсталды. Ол бұрын ұқсас қылмыстар жасағаны үшін полицейлердің назарына іліккен болатын. Сонымен қатар, қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық істер сотта қаралып жатыр. Ұрланған зат алынып, иесіне қайтарылды.
– Полицияға уақтылы жүгіну, қырағылық таныту – қылмыстың алдын алу және оны ашу жұмысындағы сенімді құрал. Орын алған оқиға, заңдылықтың және құқықтық тәртіптің жағдайы – халық пен полицияның ортақ ісі екендігін дәлелдей түседі, – дейді Екінші ПБ бастығы Руслан Сыздықов.