Петропавл полицейлері жалдамалы пәтерде орын алған ұрлықты ашты
Петропавл полицейлері жалдамалы пәтерде орын алған ұрлықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл полициясына жалдамалы пәтер иесі ұрлықтың орын алғаны туралы арызбен жүгінді. Кезекті жалға алушыдан кейін теледидар, кабельдік ТВ приставкасы, қашықтықтан басқару пульті және төсек орын жоғалған екен. Шығын сомасы – 200 мың теңге. Жедел уәкілдер соңғы клиент жалдамалы пәтерді достарымен ішімдік ішу үшін жалдағанын анықтады. Алайда, пәтерді жалға алған адамның қылмысқа қатысы болмай шықты. Ұрлық жасады деген күдікпен оның таныстарының бірі Мамлют ауданының 27 жастағы тұрғыны ұсталды. Ұрланған заттар үйінен алынды. Ер адамның айтуынша, ол ұрлықты ащы судың буымен жасаған, сондықтан ұрлаған мүлікпен не істерін білмеген. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша енгізілді.
– Жалға берілетін тұрғын үйлер полицейлердің ерекше назарында, – деді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Мадияр Харипов. – Аталған үйлерде түнгі уақытта тыныштықты бұзу, басқа да оқиғалар орын алып жатады. Жыл басынан бері облыс полицейлері жалдамалы пәтер мен үйлерде жасалған қылмыстар бойынша бірнеше рет шықты. Полицияға уақтылы жүгіну және көп қабатты үйлердің подъездерінде бейне бақылауды пайдалану қылмыстарды ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді.