Петропавл полицейлері жалдамалы пәтерлерде тыныштықты бұзудың 63 фактісін анықтады
Жыл басынан Петропавл полицейлері жалдамалы пәтерлерде тыныштықты бұзудың 63 фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда полицейлер әр түн сайын тыныштықты бұзу бойынша орта есеппен 6-7 шақыртуға шығады. Жанжалқорлар және көңіл көтеріп жатқандар көршілеріне ұйықтауға кедергі келтіреді. Петропавл қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллиннің ақпараты бойынша, өткен жылы түнде шулағандары үшін 2460 құқық бұзушы жауапқа тартылды. Олардың 817-сі жалдамалы пәтердің жалға алушысы болып шықты, бұл аталған қатардағы әрбір үшінші адам.
Полицейлер проблема тудыратын пәтерлермен жұмыс жүргізгенде бұзушыларға айыппұл салу және жалға алушыларды пәтерден шығарумен ғана шектелмейді. Учаскелік полиция инспекторлары пәтер бюроларымен профилактикалық жұмыс жүргізеді. Қазіргі уақытта қалада мұндай 20 бюро бар. Жақында аталған бюролардың біріне құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін кемшіліктерді жою туралы ұсыным жіберілді. Онда үй иелері бар дауысына қойылған музыкаға, спирттік ішімдіктерді ішіп, шулап отырғандарға қатысты шағымданғаны атап көрсетілген. Полицейлер аталған пәтерді жалға беру кестесін қайта қарастыруды сұрайды. Тәжірибе көрсеткендей, пәтер ұзақ мерзімге жалға берілетін болса, көршілердің шағымы азаяды екен.
– Жыл басынан үй тұрғындарының жүгінуі нәтижесінде үш пәтер бюросына осындай ұсынымдар жолданды. Жалпы тыныштықты бұзудың 225 фактісі анықталды, оның 63-і жалдамалы пәтерлерде. Учаскелік полиция инспекторлары қызмет көрсететін аумақты күнделікті тексеру барысында бақылауда ұстау және қала тұрғындарының тыныштығын тиімді қамтамасыз ету мақсатында жалға беріліп жатқан жаңа пәтерлерді анықтайды, – деп хабарлады Әлібек Ғабдуллин.