Петропавл полициясында 124 қолайсыз отбасы есепте тұр
Петропавл полициясында 124 қолайсыз отбасы есепте тұр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 қазан күні Петропавл қ. Полиция басқармасы Бірінші полиция бөлімінің кезекші бөліміне 17 жастағы жасөспірімнің із-түзсіз жоғалғаны жайлы қалалық әкімдіктің білім бөлімінің өкілінен арыз түсті. Ол үйінде 25 қазаннан бастап болмаған.
Іздеуге ювеналдық және криминалдық бөлімнің жеке құрамы тартылды. Тәртіп сақшылары жоғалған жасөспірімнің болуы мүмкін деген жерлерді, таныстарын тексерді. Нәтижесінде 28 қазанда оның жүрген жерін М.Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің жедел қызметкерлері анықтады. Бозбаланың айтуынша, ол табыс табумен айналысқан. Ол анасының ішімдік ішетініне және бүгінгі таңда оның жарты жылға ата-ана құқығынан шектетілуіне байланысты қайтқысы келмеген. Сот әйелге өз өмірін дұрыс жолға бұру үшін осындай мерзім берген.
– Жыл басынан бері облыс орталығында ювеналдық полицейлердің жинаған материалдары бойынша 18 адам ата-ана құқығынан айрылып, төртеуіне шектеу берілді, – дейді Петропавл қ. Полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Эльмира Абушева. – Осының бәріне себеп – спирттік ішімдік, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және күтіп-бағу бойынша міндеттерді орындамау. Барлығы Петропавлда 124 қолайсыз отбасы есепте тұр. Әрқайсысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлардың жіті назарында. Бұл жұмыс жасөспірімдердің бос уақыттары көп болатын күзгі демалыс кезінде күшейтілді.
Осы күндері «Демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Полицейлер күшейтілген режимде түнгі көшелер мен көңіл көтеру орындарында рейдтер жүргізеді. Екі күннің ішінде Петропавлдың кәмелетке толмаған тұрғындары тарапынан жеті түрлі құқық бұзушылық анықталды. Негізінен кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерсіз түнде үйден тыс болуы. Тәртіп сақшылары ата-аналарға балалардың бос уақыттарын, әсіресе демалыс кезінде қадағалау қажет екенін еске салады.