Петропавл тұрғыны алаяқтарға қалай сеніп қалғанын айтып берді
Петропавл тұрғыны алаяқтарға қалай сеніп қалғанын айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Максим Тусаев желілік технологияларды жақсы біледі, бірақ мұндай сауаттылық оған алаяқтарға қарсы тұруға көмектеспеді. Ол өзінің басынан өткен оқиғаны басқа азаматтар мұндайға тап болмас үшін ескерту ретінде айтып берді.
– Айтқан сөздерін тыңдап, кәсіби маман екен деп ойладым. Олар тіпті WhatsApp арқылы Ұлттық банктің құжаттарын жіберді. Онда мәліметтер, мөр, қолтаңбалар көрсетілген. Сенбеу мүмкін емес, – дейді Максим.
Қоңырау шалушылар Максимге оның атына екінші деңгейдегі банктердің қызметкерлері несие ресімдегелі жатқанын хабарлаған. Барлық заңсыз операциялардың күшін жою үшін банкке барып, менеджерлерге қандай мақсатпен келгенін айтпай, несие ресімдеу қажет деп сендірген. Кейін сол қаражатты көрсетілген шотқа аудару қажет болған.
– Олар ҚР ҚК-нің 423-бабын (Сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауының деректерiн жария ету) атаған соң, сеніп қалдым. Мен кодексті қарадым, бәрі сипаттамаға сәйкес келді, – дейді қала тұрғыны.
Максим қоңырау шалушылар айтқандай барлығын жасады. Ол алаяқтардың құрбаны болғанын келесі күні ғана білді. Ақшасын қайтару мүмкін емес екенін түсініп, ол қала тұрғындарына мұндай қоңырауларға сенбеу туралы ескертуді шешті.
– Менің басымнан өткен жағдай біреуді осындай қылмыскерлерден қорғауға көмектеседі деп ойлаймын. Ең қарапайым ереже – бейтаныс адам қоңырау шалып, қандай да бір операция жасауды сұраған кезде тұтқаны бірден қоя салған жөн, – дейді петропавлдық тұрғын.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында 319 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. 60-тан астам солтүстікқазақстандық «банктен» соғылған жалған қоңырауларға сеніп қалған.