Петропавл тұрғыны синтетикалық есірткі таратқаны үшін 7 жылға сотталды
Петропавл тұрғыны синтетикалық есірткі сатқаны үшін 7 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаңтар айында Петропавл қаласының 32 жастағы тұрғыны интернет арқылы "жеңіл табыс" табуға қызығып, синтетикалық есірткі саудасымен айналысатын онлайн-дүкендердің бірінде ораушы ретінде жұмыс істей бастаған.
Кураторынан нұсқау алып, ол ірі көлемде жеткізілген есірткіні шағын зип-пакеттерге бөліп, оларды тапсырыс бергендерге жасырын орындар арқылы таратумен айналысқан. Қылмыстық топ бұл жұмысты "қауіпсіз" деп сендіргенімен, арада көп уақыт өтпей-ақ ер адам құқық қорғау органдарының назарына ілікті.
Ақпан айында ол Петропавл қаласының шетінде қолға түсті. Тінту кезінде оның жалдамалы пәтерінен 200 грамнан астам мефедрон мен α-PvP есірткі заттары табылып, тәркіленді. Сонымен қатар тергеу барысында анықталған жасырын қоймадан жарты келіден астам синтетикалық есірткі заты алынды. Бұл — жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында тәркіленген ең ірі есірткі партияларының бірі болды.
Сот тергеу нәтижесінде айыпталушыны аса ірі көлемде есірткі заттарын дайындап, сақтап және таратқаны үшін кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Жалпы, биылғы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері заңсыз айналымнан 771 келі түрлі есірткі затын, соның ішінде 4,5 келі синтетикалық есірткіні тәркілеген.