Петропавлда 79 адам маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделуге жіберілді
Петропавлдық полицейлер жыл басынан бері 79 адамды маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделуге жіберді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс орталығында 11 айда мас күйде жасалған 318 қылмыс тіркелді. Маскүнемдікке салыну – үй ішіндегі жанжалдарға, бұзақылықтарға, денсаулыққа зиян келтіруге себеп болады. Осының алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары қызмет көрсететін аумақтарындағы құқық бұзушылықтар жасауға бейім тұлғаларды тексеру жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмыстар қарашаның соңында басталған «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы шеңберінде күшейтілді. Акцияның басынан 30 адамға қатысты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылыққа жол берген қорғау ұйғарымдары шығарылды. Олардың барлығы дерлік ащы судың әсерінен жасалған.
Бірер күн бұрын Петропавл қаласы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары Жамбыл ауданының Благовещенка ауылында орналасқан мәжбүрлеп емдеудің наркологиялық ұйымына маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделуге 10 адамды жіберді.
– Полиция қызметкерлері аталған азаматтарды емделуге жіберу үшін жақындарының өтінішімен қажетті құжаттар жинау бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Емдеу бірнеше айға созылады. Бұл маскүнемдікке салынған адамдар үшін дұрыс өмір сүруге оралудың бірден бір жолы, – дейді Петропавл қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садулов.
Жалпы, жыл басынан Петропавлдық полицейлер 79 адамды маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделуге жіберді.