Петропавлда әйел көршісінің есепшотынан 200 мың теңге жымқырып кетті
Петропавлда әйел көршісінің есепшотынан 200 мың теңге жымқырып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл тұрғыны полицияға есепшотынан 200 мың теңгенің жоғалғаны туралы жүгінген. Петропавл қалалық ПБ Бірінші полиция бөлімінің қызметкері жәбірленушінің көршісін – 35 жастағы күдіктіні ұстады.
Бірде такси шақыру үшін ол әйелден телефонын сұрап алғаны белгілі болды. Ол интернет-банкинг қосымшасымен пайдаланып, жәбірленушінің қаражатын танысының шотына аударған. Кейін есепшоттағы ақшаны қолға түсіріп, алғыс ретінде танысына бес мың теңге қалдырған.
Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігі (Ұрлық) бойынша енгізілді. Күдікті жымқырған қаражатты қайтаруға дайын екендігін жеткізді.
– Әйел телефон экранын ашуға және интернет-банкингке кіру үшін бір кодты пайдаланған. Бұлай жасамауға кеңес береміз, қаскөйлердің әрекетіне тоқсауыл қою үшін әр түрлі құпиясөздерді пайдалану керек. Бұдан бөлек, бөтен адамдарға банк карталарының сыртында жазылған CVV-кодтарды, SMS-хабарламалармен келетін PIN-код пен құпиясөздерді ешкімге айтпауға, жеке құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жібермеуге шақырамыз. Бұндай мәліметтер қылмыскерлерге есепшоттарға қол жеткізу мүмкіндігін береді, – деді Бірінші полиция бөлімінің бастығы Тілеген Әлжанов.