Петропавлда аялдаманың шынысын сындырған жасөспірімнің анасына айыппұл салынды
Петропавлда аялдаманың шынысын сындырған 14 жастағы жасөспірімнің анасына айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түн ортасында Петропавл қаласында Жамбыл көшесіндегі аялдама павильонының шынысын сындырған 14 жастағы ұлының бұзақылығы үшін анасы жауапкершілікке тартылды. Жасөспірімнің айтуынша, досы екеуінің арасында туындаған келіспеушілік салдарынан ашуын аялдамадан алған. Шағын сәулет нысандарын, аялдамаларды және қаланың басқа да инфрақұрылымын бүлдіретін бұзақылар көбінесе осыны сылтау етеді. Жас құқық бұзушы жылдам анықталып, анасымен бірге учаскелік полиция пунктіне шақырылды.
– Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабымен көзделген құқық бұзушылықты жасөспірім алғаш рет жасап отырғандықтан, дәлірек айтқанда, түнгі уақытта үйден тыс жерде жүргені үшін оның анасына қатысты материал жиналып, ескерту жасалды. Ал осы кодекстің 435-бабымен көзделген құқық бұзушылықты, яғни кәмелетке толмаған баланың бұзақылық жасағаны үшін анасы қысқартылған іс жүргізуші бойынша жеті тәулік ішінде 12075 теңге көлеміндегі айыппұл төледі. Келтірілген шығын үшін материалдық жауапкершілік мәселесі азаматтық-құқықтық қатынастар тәртібінде шешілетін болады. Ересектерден кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуге жауапкершілікпен қарауды, жасөспірімдердің қараусыз жүруін және түнде серуендеуіне жол бермеуді сұраймыз, – дейді Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
11 айда Петропавлда ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы (Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық) бойынша 31 факті тіркелді. Полицейлер ескерткендей, кәмелетке толмағандардың вандализм жасағаны үшін әкімшілік заңнамамен 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген.