Петропавлда бағдарламашы интернет-алаяқтың құрығына түсті
Петропавлда бағдарламашы интернет-алаяқтың құрығына түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл полицейлері интернет-алаяқтықтың алдын алуда жаңа тәсілдерді іздестіруде. Интернет-алаяқтықтардың басым бөлігі алдын ала төлемді талап етумен байланысты болғандықтан, қалалық Полиция басқармасы Екінші полиция бөлімінің қызметкерлері профилактикалық акцияны онлайн режимінде өткізді. Олар алдау мүмкіндігін ескертетін тест әзірлеген екен. Демалыс күндері хабарландырулар тегін орналастырылатын танымал сервистерге егжей-тегжейлі мониторинг жүргізу арқылы сатушы мен сатып алушылар арасында белсенді хат алмасу жүргізілетін сайт форумдарына аталған ескерту таратылды.
– Бір реттік акция проблемаға назар аудару мақсатында өткізілді, – деп түсіндірді Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов. – Басқа да профилактикалық іс-шараларды өткізу, еріктілерді тарту жоспарланып отыр. Тәжірибе көрсеткендей, желі қолданушыларының басым бөлігі алаяқтардың әрекеттері туралы хабардар болғанымен, іс жүзінде ақпаратты елемей жатады.
Мұның салдары қандай, оны жақында орын алған фактіден көруге болады. Руслан Сыздықовтың айтуынша, Екінші полиция бөліміне оқу мекемелерінің бірінде бағдарламашы болып жұмыс істейтін қала тұрғыны жүгінген. Ер адам интернет арқылы компьютеріне аналық платаны сатып алмақшы болған және бір хабарландыруға хабарласады. Кәсібилігіне қарамастан, ол «сатушыға» әбден сеніп, қаскөйдің нұсқауы бойынша ақшаны аудару әрекетін жеңілдететін бағдарламаны орнатады. Алаяқ: «маған ештеңе айтпайсыз, тек деректерді енгізесіз, мен ешнәрседен хабардар болмаймын…», – деп көндірген екен. Шынында бұл қашықтықтан қол жеткізу бағдарламасы болып шықты. Жәбірленуші бағдарламаны ашып, қаскөйдің нұсқауларын орындаған, осылайша оған компьютеріне қол жеткізуге жағдай жасаған. Енгізілген банк деректемелері қылмыскердің қолына түсіп, жәбірленушінің картасынан 78 мың теңге жымқырылды.
Полицейлер алдын ала төлем жасауға келіспеуге, банк реквизиттерін, жеке құжаттардың және банк карталарының фотосуреттен ешкімге жібермеуге шақырады. Қандай жағдай болмасын, бөтен адамдарға смс-хабарламалармен келіп түсетін құпиясөздер мен кодтарды айтпаған жөн. Қосымшаларды жүктеп, күмәнді сілтемелерге өтпеу қажет. Қырағылық – интернет-алаяқтардан ең тиімді қорғану жолы.