Петропавлда бейнебақылау инспекторлары жоғалып кеткен кішкентай қызды 19 минутта іздеп тапты
Петропавлда бейнебақылау инспекторлары жоғалып кеткен 8 жасар қызды 19 минут ішінде іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласында сағат 16:14-те полицияның "102" пультіне 8 жасар қыз баланың жоғалып кеткені туралы қоңырау келіп түсті. Ол туралы ақпарат бірден автопатрульдер мен бейнебақылау инспекторларына жіберілді.
Бейнебақылау жүйесінің арқасында сипатталған белгілерге ұқсайтын бүлдіршінді полиция қызметкері Нәзира Сейтзадина Жамбыл көшесіндегі аялдамадан тапты. Қыз бала тұрғылықты мекенжайынан үш шақырымға ұзап кеткен. Полиция қызметкерлері алаңдаған қала тұрғындарының жалғыз жүрген қызға жақындап, мән-жайды сұрай бастағанын монитордан байқады.
Бұл уақытта патрульдік автокөлік те келіп жетті. Қоңырау түскен уақыттан бастап 19 минут қана өтті. Көп ұзамай кішкентай бүлдіршін ата-анасына жеткізілді.
Тұрғындардың қоңырауларына ден қойып, шара қабылдау - полиция жұмысының негізі болып саналатын "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асырудың маңызды бөлігі.