Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда есірткі таратушылар ұсталды

Петропавлда есірткі таратушылар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

9 қаңтарда Петропавл қаласының әртүрлі аумақтарында полиция қызметкерлері есірткі заттарын жасырын қойып кету әдісімен таратты деген күдікпен екі жас азаматты ұстады.

Олардың біреуі – 21 жаста. Одан тәртіп сақшылары кристалл тәрізді, болжам бойынша α-PVP есірткі заты бар, жалпы салмағы шамамен 70 грамм болатын 30 орамды тәркіледі. Екіншісі – Петропавл қаласындағы колледждердің бірінде оқитын студент. Жеке тінту барысында одан осыған ұқсас зат салынған, жалпы салмағы 40 грамға жуық 31 орам алынды.

Аталған екі дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тәркіленген заттар сараптамаға жолданды. Күдіктілерге 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері есірткі сатты деген күдікпен 69 адамды ұстады, олардың ішінде 25 жасқа дейінгі 40 азамат болған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру