Петропавлда интеллектуалды бейнекамералар ЖҚЕ бұзудың 3,5 мыңнан астам дерегін тіркеді
Петропавлда интеллектуалды бейнекамералар жол қозғалысы ережелерінің 3,5 мыңнан астам бұзушылығын тіркеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда көлік легі белсенді 7 қиылыс интеллектуалды бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Камералардың жұмысы жол-көлік оқиғаларының жасалуына тікелей қауіп төндіретін Жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтарын анықтауға бағытталған. Абай – Назарбаев, Интернациональная – Жамбыл және Интернациональная – Астана көшелерінің қиылысында «ИНТЕГРА» жүйесінің 27 камерасы орнатылған. Камералар бағдаршамның тыйым салынған белгісіне және тоқтау-сызығынан өтіп кету жағдайларын автоматты түрде тіркейді.
Жамбыл – Партизан, Ғ.Мүсірепов – Жамбыл, Н.Назарбаев – Интернациональная және Жамбыл – К.Сүтішев қиылыстарында бұзушылықты, автокөліктің нөмірін анықтап, айыппұлды төлеу қажеттілігі туралы хабарламаны автоматты түрде жасайтын 16 «Мираж» камералары жұмыс істейді. Қызметкердің әрекеті бұл процесте тек техникалық қателікті болдырмау үшін бақылау жүргізу және бұзушының мобильдік телефонына не поштасына хабарлама жіберумен шектеледі.
СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың айтуынша, интеллектуалды бейнекамералар жүргізушілерді тәртіпке келтіретін күшті фактор болып табылады. 3 айдың ішінде Петропавлда автоматтық тіркеу жүйесімен жол қозғалысы ережелерінің 3627 бұзушылығы тіркелді, олардың басым бөлігі – 1556-сы Абай мен Назарбаев көшелерінің қиылысында орын алған. Полицейлер жүргізушілерді жол қозғалысы қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмей, заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады.