Петропавлда кәсіпорындардан 3 күн ішінде үш ұрлық жасалған
Петропавлда өнеркәсіп аймақтарындағы кәсіпорындардан үш күн ішінде үш ұрлық жасалған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөліміне қалалық ЖШС бірінің өндіріс басшысы ұрлық жасалғаны туралы айтып жүгінді. Полицияға арызымен бірге күдікті – сол кәсіпорында жүргізуші болып жұмыс істейтін 34 жастағы қалалық та тапсырылды. Күзетші күдіктіні жалпы құны 40 мың теңге тұратын «КамАЗ» жүк көлігінің екі радиаторының ұрлығы үстінде ұстаған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Айта кететіні, бүгінгі күндері ұйым қызметкерлерімен жасалатын ұрлықтар едәуір, – дейді Екінші ПБ бастығы Руслан Сыздықов. – Облыс орталығындағы «Өнеркәсіп аймақтары» деп аталатын территориялардың басым бөлігі Екінші полиция бөлімі қызмет көрсететін аумақта. Соңғы үш күнде осы аумақтарда үш ұрлық жасалған. Аккумуляторлар, шиналар сияқты қызметкерлерге қолжетімді заттар ұрланған. Барлық өндіріс ошақтарының басшыларына ішкі қауіпсіздік шараларын күшейтіп, төңіректі бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етуді, қажет болса кадр саясатына өзгертулер енгізуді ұсынамыз.
Полицейлер ұрлықтардың алдын алуды патрульдеу, есептегі тұлғалармен жұмыс жүргізу, ұрланған заттарды өткізуі ықтимал орындарға рейдтер жүргізу және кәсіпорындардың күзет қызметімен өзара іс-қимыл жасасу жолымен қамтамасыз етеді.