Петропавлда металл қабылдайтын 38 пункт жұмыс істейді
Петропавлда металл қабылдайтын 38 пункт жұмыс істеп тұр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО-да криминалдық полиция қызметкерлері асыл тастар, түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарының заңсыз айналымымен байланысты қылмыстарды ашу бойынша жедел-профилактикалық іс-шара өткізді.
Басты назарда – металл қабылдайтын орындар. Петропавл қаласында мұндай 38 пункт бар. Күмәнді түсті металл тапсырылған кезде пункт қызметкерлері міндетті түрде арнайы дәптерге тапсырушылардың мәліметтері мен байланыс нөмірлерін жазып алып, полицейлерге хабарлауы тиіс деп түсіндірілді.
Петропавл қ. ПБ криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция капитаны Ерболат Қаптаевтың айтуынша, жедел-профилактикалық іс-шараның үш күнінде қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері металл қабылдайтын пункттер бойынша бірнеше рейд жүргізіп, 21 қабылдау пунктін тексерген. Иелерімен және қызметкерлерімен ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Бұдан бөлек, пункттердің аумағында екі қылмыстық құқық бұзушылық және бұрын жасалған екі қылмыс анықталды: қаладағы жер үйлердің ауласынан шойын плита, металл құбырлар мен қақпаны ұрлау. Алынған заттар иелеріне қайтарылып, мән-жай анықталуда.
Жедел-профилактикалық іс-шара аяқталғанымен, криминалдық полиция және учаскелік полиция инспекторларының металмен байланысты жасалатын қылмыстарды ескерту бойынша бірлескен жұмысы жалғасатын болады.