Петропавлда оқушылар кинология қызметімен танысты
Петропавлда оқушылар кинология қызметімен танысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығына жасөспірімдер үшін экскурсиялар әрқашан қызықты өтеді. №9 мектептің жоғары сынып оқушылары қызметтік иттердің жаттығуын бақылап, олардың есірткі іздеу дағдыларын өз көздерімен көрді. Балалар өздері жасырған арнайы имитаторларды иттердің шебер тауып алғанына куә болды.
Кинологтар оқушыларға қызметтік-іздестіру иттерінің қалай оқытылатынын айтып берді. Мамандардың айтуынша, иттің тұқымы аса маңызды емес. Бастысы — жануардың мінезі мен қасиеттері. Мысалы, жарылғыш заттарды іздеуге арналған иттер сабырлы болғаны жөн, ал есірткі іздеуге — ойнақы әрі шапшаң, ал із кесуде холерик темпераменті бар иттер тиімді нәтиже береді.
Бұл экскурсия “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылды. Мақсат — жасөспірімдерге құқықтық білім беру және есірткі қылмысының алдын алу. Осындай іс-шаралар алдағы уақытта өзге мектептерде де жалғасады. Айта кетейік, жуырда орталықта біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатқан облыс педагогтары да болды.
Жыл басынан бері облыс полицейлері қызметтік-іздестіру иттерін 147 рет пайдаланды. Иттердің көмегімен 11 есірткі қылмысы ашылып, 3,5 келіден астам есірткі заты тәркіленді.